Ағымдағы жылғы 19 маусымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі — Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың Қазақстанның Еуропалық Бизнес Қауымдастығының (ЕУРОБАК) өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесуде Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторы үшін сын-қатерлер, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы қаржыландырудағы қаржы секторының рөлін арттыру, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржы секторын цифрландыру мәселелері талқыланды.

Қаржы реттеушісінің басшысы өз баяндамасында соңғы жылдардағы сыртқы және ішкі күйзелістерге қарамастан, Қазақстанның қаржы секторы тұрақты екендігін және орнықты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Қаржы ұйымдарының жиынтық активтері соңғы 5 жылда 52,6 трлн теңгеге дейін 2 есе ұлғайып, ЖІӨ-нің 51,1%-ына жетті.

Қаржы секторының алдында жаһандық және жергілікті бірқатар сын-қатерлер өзекті болып қала береді. Сыртқы сын-қатерлер геосаяси тәуекелдер мен санкциялық шектеулердің күшеюі аясында макроэкономикалық жағдайлардың қатаңдауымен байланысты.

Жергілікті сын-қатерлерге келетін болсақ, бизнес субъектілерін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігін төмендететін жоғары инфляция мен мөлшерлемелерді, бөлшек кредит беру сегментінде тәуекелдердің өсуін, сондай-ақ қаржы саласын цифрландырудың жеделдетілген дамуы нәтижесінде қаржылық алаяқтық пен киберқауіптер тәуекелдерінің күшеюін бөліп көрсетуге болады.

Агенттік Төрағасы қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуді және тәуекелге бағдарланған қадағалауды дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Ол үшін Агенттік SREP (Supervisory Review and Evaluation process) моделін, тұрақты AQR (Assets Quality Review) және қадағалап стресс-тестілеуді іске асырады. Агенттіктің таяудағы жоспарларында цифрлық платформалар арқылы стрестік активтерді сатуға жағдай жасау және тәуекелге бағдарланған қадағалаудың Базель стандарттарына толық көшуі бар.

Агенттік Базель стандарттарына сәйкес банктерді реттеу мен қадағалауды күшейтуді жалғастыруда.

Базель стандарттарына сәйкес банктердің банк қызметінің барлық тәуекелдерін өтеу үшін меншікті капитал мен өтімділікті бағалаудың өз ішкі бағалауы болуы керек. Ол үшін 2022 жылы Агенттік капиталдың жеткіліктілігін (ICAAP) және өтімділікті (ILAAP) ішкі бағалау әдіснамасын бекітті және ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап банктер осы бағалауды жүргізетін болады.

Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың келесі маңызды құрауышы SREP, AQR бағалау және қадағалап стресс-тестілеу нәтижелері бойынша капиталға қадағалау үстемесін енгізу болып табылады, бұл ықтимал шығындарды өтеу үшін қосымша капитал қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Капиталға қадағалау үстемесі 2024 жылдан бастап енгізіледі.

Қаржы экожүйелерінің дамуы жағдайында банк конгломераттары мен холдингтерінің тәуекелдері артуда, бұл шоғырландырылған қадағалауды күшейтуді талап етеді. 2023 жылдың соңына дейін Агенттік банк конгломераттары деңгейінде капиталды есептеуге, кредит тәуекелінің шоғырлануына және өтімділікке қойылатын талаптарды енгізіп, сондай-ақ топ ішіндегі мәмілелерді қадағалауды күшейтетін болады.

Қаржы реттеушісінің басшысы сыртқы нарықтардағы құбылмалылық жағдайында Қазақстанның қаржы секторының ықтимал қаржы дағдарыстарына орнықтылығын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Ол үшін қаржылық қауіпсіздік желісінің негізгі элементтері – проблемалық банктерді реттеу, шұғыл өтімділік беру, дағдарысқа қарсы жоспарлау және Ұлттық Банктің, Агенттіктің және Үкіметтің ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері жетілдірілетін болады.

Реттеу құралдарының тиімділігін арттыру үшін Агенттік қазіргі уақытта банктерді қалпына келтіру жоспарларына қойылатын талаптарды және реттеушінің олардың тиімділігін бағалау жөніндегі әдістемесін әзірлеуде, олар 2024 жылы енгізіледі. Әлеуетті шығындарды игеру үшін банктерде ішкі ресурстардың болуына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Төлемге қабілетсіз банктерді реттеу және тарату мерзімдері заңнамалық деңгейде қысқартылады.

Бұдан басқа, банктерді реттеуге мемлекеттің қатысуы қайта қаралады, оның ішінде мемлекеттің қатысу нысандары мен тетіктері нақтыланады, сондай-ақ Агенттіктің, Ұлттық Банктің және Үкіметтің міндеттері мен рөлдері айқындалады. Заңнамалық деңгейде банктердің орнықтылығын қолдау шеңберінде нарықтық емес тетіктерде мемлекет тарапынан араласудың кез келген нысандарына тыйым салынатын болады.

Агенттік басшысы АҚШ пен Еуропаның ірі банктерінің өзекті мәселелері өтімділікті шұғыл қолдауға қол жеткізудің маңыздылығын көрсеткенін атап өтті. Қазақстанда сондай-ақ шұғыл өтімділікті ұсыну тетігін кеңейту, оның ішінде өтімділікті ұсыну үшін кепілдердің тізбесін кеңейту және осындай қолдау алған банктерге қадағалауды күшейту қажет.

Агенттік үшін экономикаға кредит берудің сапалы өсуін қамтамасыз ету басым міндет болып табылады. Сондықтан Агенттіктің саясаты банктердің орнықтылығын қамтамасыз етуге және бизнеске кредит берудің өсуі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік нақты секторға кредит беруді қолдау үшін пруденциялық ынталандырудың уақытша шараларын қабылдады. Жер қойнауы және жер пайдалану құқықтары, сондай-ақ астық қолхаттары түріндегі кепіл тетігінің тиімділігін арттыру үшін заңнамаға түзетулер әзірленді. Синдикатталған кредит беруді дамыту және банктерді Электрондық үкімет шлюзі арқылы мемлекеттік дерекқормен біріктіру жұмыстың маңызды бағыттары болып табылады.

Мәдина Әбілқасымова микроқаржы секторы да бизнесті қаржыландырудың маңызды көзі болып табылатынын атап өтті.                              2020 жылдан бастап бизнеске микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктер беретін микрокредиттер 455 млрд теңгеден 997 млрд теңгеге дейін 2 есе ұлғайды.  Шағын және орта бизнеске кредит беруде микроқаржы ұйымдарын ынталандыру үшін Агенттік қор нарығының құралдары арқылы қорландырудың қолжетімділігін кеңейту, жүйелік тәуекел деңгейі төмен қатысушылар үшін реттеуші жүктемені азайту жөніндегі шараларды іске асыруда.

Тұтынушылық кредит беру тәуекелдеріне қатысты Мәдина Әбілқасымова тәуекелдерді азайту және халықтың борыш жүктемесін барынша азайту үшін Агенттік банктерде және МҚҰ-да тұтынушылық кредит беруді  шектеу бойынша жүйелік шаралар қабылдағанын атап өтті . Мәселен, қарыз алушылардың борыш жүктемесін есептеуге және қаржы ұйымдарының капиталына қойылатын талаптар қатаңдатылды, сондай-ақ барлық кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн мерзімі өткеннен кейін айыппұлдар мен сыйақылар есептеуге заңнамалық деңгейде тыйым салынды. Проблемалық берешекті, оның ішінде коллекторлық агенттіктер үшін реттеу міндеті енгізілді.

Агенттік Төрағасы экономиканы қаржыландырудағы қор нарығы рөлінің артқанын атап өтті. Соңғы 5 жылда акциялар нарығын капиталдандыру 21,2 трлн теңгеге дейін 24%-ға, облигациялар нарығын капиталдандыру 14,4 трлн теңгеге дейін 62%-ға өсті. Бөлшек инвесторлардың белсенділігі басты трендке айналды — олардың саны 2019 жылдан бастап 121 мыңнан 682 мыңға дейін 5,5 еседен астам өсті.

Бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін бөлшек және институционалдық сұранысты арттыру, қаржылық көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, жаңа қаржы құралдарын енгізу, сондай-ақ қор нарығының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар іске асырылуда. Брокерлік шарттарды қашықтан жасасу мүмкіндігі енгізілді, банктерге клиенттерге брокерлік көрсетілетін қызметтердің барлық аясын көрсету мүмкіндігі ұсынылды, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін жеке компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігі іске асырылды, қаржы құралдарының жаңа түрлері (ETF, ETN) құрылуда және инвестициялық қорлардың қызметі кеңейтілуде.

Мәдина Әбілқасымова атап өткендей, орнықты қаржыландыру және қаржы нарығында ESG халықаралық стандарттарын енгізу де маңызды және белсенді дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып табылады.
2021-2022 жылдары Қазақстанда ESG облигацияларының  шығарылымы үшін барлық заңнамалық және реттеушілік орта құрылды. Бұл компанияларға ESG жобаларына 191 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыру тартуға мүмкіндік берді.

Агенттік Қаржы ұйымдарының ESG ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауын бекітті, 2023 жылғы 4 тоқсанда Қаржы ұйымдарында ESG тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқауды әзірлеуді аяқтау, сондай-ақ ішкі тәуекелдерді басқару жүйелеріне және қаржы ұйымдарының корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу жоспарлануда.

Соңғы 2 жылда онлайн алаяқтық тәуекелдерінің күшеюі байқалады. Агенттік мүдделі органдармен бірлесіп Азаматтарды онлайн алаяқтардан қорғау бойынша жол картасын әзірледі. Жол картасы шеңберінде алаяқтық операциялар бойынша деректер жинауды қамтамасыз ететін және нарық субъектілеріне нақты уақыт режимінде күдікті операцияларды бұғаттауға мүмкіндік беретін қаржы нарығы үшін Антифрод-орталығын құру көзделеді.

Алдын алу сипатындағы шара ретінде азаматтардың онлайн кредиттер алудан ерікті түрде бас тарту құқығы енгізіледі, сондай-ақ қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтіледі.

Қаржылық инклюзияны жақсарту және мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету шеңберінде Әдістемелік ұсынымдар қабылданды, оған сәйкес қазіргі уақытта банктер кедергісіз орта құру жөніндегі жеке жоспарларды іске асырады. Агенттік қаржы ұйымдарында мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бағдарланған қызметтердің барлық түрлерін енгізуді көздейтін Әлеуметтік стандарт жобасын әзірледі.

2020 жылдан бастап Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруда.

«Агенттік тарапының міндеті қажетті реттеуді қамтамасыз ету және қаржы секторын цифрландыруды дамытуға жәрдемдесу болып табылады. Ол үшін 2022 жылы Open API және Open Banking дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, бұл қаржы өнімдері мен сервистерге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы. «Мәселен, Open API технологиясын қолданатын банктердің үлесі 2021 жылғы 27%-дан 2022 жылдың қорытындысы бойынша 52%-ға дейін өсті».

Ақпараттық активтер мен процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Агенттік қаржы нарығында ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесі үшін қажетті нормативтік орта құрды, «Qainar» ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары мен оқыс оқиғалары бойынша ақпаратты өңдеудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді.

от Bolat Mukashev

Bolat Mukashev bolat.mukashev@gmail.com

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *